Біздің сайтқа қош келдіңіздер!

Бұл жерден өздеріңізді қызықтырған
мәліметтермен аудан туралы ақпараттар аласыздар.
Жалғасы...

Әкімінің блогы

  • Мәдениет
  • Тарбағатай ауданының өнер тарландары

    Әбуғазыұлы Қазен - 1936 жылы ҚXP ШҰАР Тарбағатай аймағының Дөрбілжің ауданында дүниеге келген. Жасынан өнерге әуес болып өскен Қазен домбыраны өз әкесі Әбуғазыдан үйренеді. Кейіннен сол аймақтағы Оразғали атты домбырашыдан күйдің қыр-сырына қанығады. 1962 жылы атамекені Шығыс Қазақстан облысы Ақсуат өңіріне оралған Қазен көп жылдар ағаш ұстасы болып жұмыс істейді. 2002 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өз орындауындағы 20-ға жуық күйін жаздырады. «Ерке күрең», «Қызыл жебе», «Ой толқыны», «Қосбасар», «Серпін» сияқты сан қырлы тақырыптағы күйлердің авторы Қазен Әбуғазыұлының туындылары Алтай –Тарбағатай күйшілік дәстүріндегі күйлер.
       
    Әшірбаев Болат Жақыпбекұлы - Әнші, халық әндерін насихаттаушы.
       
    Байқыдыров Алшынғазы (1938-1976ж.ж ) – күйші, домбырашы. Ақсуат ауданының тұңғыш домбыра оркестрін ұйымдастырушы.
       
      Байтоғасов Кеңес - Аудан мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосып, қазақ өнерінің насихаттаушысы, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген Мәдени қайраткері». Байтоғас Кеңес Тарбағатай ауданының «Құрметті азаматы» Еңбек жолын механизаторлықтан бастаған. 36 жыл Тарбағатай аудандық мәдениет бөлімінде қызмет істеген.
       

    Жұмағұлов Балтабек – Бүкілресейлік театр өнері академиясын бітірген. Астана циркінің алғашқы директоры, цирк өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі.
    Астана қаласында қайтыс болған.

       

    Ильясова Майра Әлімғазықызы - Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, Тарбағатай ауданының кұрметті азаматы.
    2003 жылы «Майра» продюссерлік орталығын ашқан. «Қыздар-ай», «Серілер», «Ерке» топтарының продюссері.
    Бұл күндері «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарындағы «Алтын домбыра», «Жұлдыздарға 77 сұрақ», «Жан анам», «Есіңе мені алғайсың» жобаларының авторы.


       
    Қанапия Қапашұлы Қайырбаев - Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, жоғарғы санатты ұстаз, ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойына арналған медальдің иегері, Ақжар «Халық хорының», «Достар дауысы» ерлер әншілер тобының жетекшісі, танымал сазгер. 2009 жылы Шығыс Қазақстан композиторлар Одағы Шығыс Қазақстан өкілдігінің ұсынуымен «Ұрпақ үні» атты екі бөлімді әндер жинағы басылып, өнер сүйер қауымға ұсынылды. 1976 жылдан бүгінгі күнге дейін Ақжар саз мектебінің директоры.
       

    Белгілі айтыскер ақын Қалиев Серік Акрамұлы -Ә.Найманбаевтың 125 жылдығына, Т.Көбдіковтің 100 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының жеңімпазы. Астанада өткен «Туған тіл тұғырым» атты республикалық ақындар айтысында, Баян-Өлгейде, Бишкекте өткен халықаралық айтыстарда екінші орын, Сара Тастанбекқызының 125 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста, Ташкентте өткен халықаралық айтыстарда үшінші орынға ие болған. Қазір Қазақ радиосында бөлім бастығы болып қызмет атқарады.

       
    Есмұрат Қыдырмолданов - халық әндері, қазақ композиторларының шығармаларын шебер орындаушы, насихаттаушы. 1992 жылы Бүкілдүниежүзілік қазақтар құрылтайында қазақ өнерінің шоқтығы биік халық әндерін орындап, шетелдегі қандастарымызды әнмен сусындатты. Е.Қыдырмолдановтың орындауында Қазақ радиосына халық әні «Аққұм», Н.Тілендиевтің «Ақ құсым» әндері алтын қорға жазылса, Б.Әшірбаевтың «Тарбағатай таулары», Н.Тілендиевтің «Өз елім», І.Жақановтың «Жайықтың толқындары» әндері таспаға жазылып, қазақстан радио тыңдаушыларына берілді. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы медалінің иегері. ҚР Мәдениет қайраткері.
       
    Құжиманов Жоламан - танымал әнші. Республикалық байқаулардың лауреаты, консерваторияның аға оқытушысы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс.
       
    Талғат МҰҚЫШ – сыбызғышы, 1962 жылы Ақсуат ауылында туған. Ағасы Көбеннен 10 жасынан бастап домбыра үйрене бастаған. Талғат мектепте құрылған домбыра үйірмесіне қатысып, ұлы күйшілер Құрманғазы, Тәттімбет, Дина күйлерімен танысады. 1989 жылы Құрманғазы Қазақ ұлттық консерваториясының қылқобыз класына оқуға түсіп, сыбызғы аспабында ұштастыра тартып жүреді. 1994 жылы Уфа консерваториясын бітірген. Талғат Мұқыш қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында сыбызғы класының аға оқытушысы.
       

    Мұрат Әбуғазы - домбырашы, өнер зерттеуші. 1994 жылы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесін, 1999 жылы Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Мұрат республикалық домбырашылар байқауларының жеңімпазы, бірнеше оқу- әдістемелік кітаптардың авторы. М.Әбуғазы А.Жұбанов атындағы Республикалық арнаулы музыка мектебінде (1999-2002ж.ж), Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде (2003ж.бері), консерваторияда аға оқытушы.

       
    Шамчия Омарова Құсайынханқызы - Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Табиғатынан талантты жүргізуші, тамаша актриса, әнші-термеші, алуан жанрдағы ауқымды шараларға сценарий жазудың шебері. Республикалық Халық театры байқауының бірнеше мәрте лауреаты, мәдени шараларды ұйымдастырушылардың республикалық, облыстық, аудандық байқауларының жүлдегері, Халық шығармашылығы Бүкілодақтық фестивальдары медальінің иегері, 1978 жылдан бастап Ақжар мәдениет үйінде үздіксіз қызмет етіп келеді.
       
    Оразбеков Әлімбек Тоқтарұлы - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысы әкімі жүлдесінің «Жыл режиссеры» номинациясы бойынша лауреаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. «Бір түп алам ағашы» пьесасының авторы, А.Құнанбаевтың «Қорғансыздық» әңгімесінің, Ш.Айтматовтың «Плаха» (Әділет азабы) қойылымын қойған,Ш.Айтматовтың «Плаха» романын қоюшы, С. Лобозеровтың «Жындыханадан келген мейман», «Сенім» пьесасының аудармасын қойған, театр туралы бірнеше мақалалар аударған. Қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген. 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақ мемлекеттік К.Қуанышбаев атындағы музыкалық - драма театрының режиссер қоюшы. Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі (1976).
       

    Тұрсынбаева Айнұр
    Жамбылдың 150 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық айтыстың Бас жүлдесін иеленген.
    Халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері.

       
    Сақпанбаев Найманғазы – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. Табиғи дарын, әншілік қабілетпен өнер сахнасында танымал әнші, халықтық театрда тамаша образдар сомдаған актер, аудан өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан басшы-ұйымдастырушы болды. Халық өнерінің інжу-маржандары Брусиловскийдің «Қыз-Жібегіндегі» Төлеген, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасындағы» Естай, Б.Майлиннің «Жалбырында» Елемес арияларын орындап, ауыл сахнасында тұңғыш рет опералық шығармалардың орындалуына жол ашқан. Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивалдарының лауреаты, Қазақстан Мәдениет Министрлігінің Құрмет грамотасы, Шығыс Қазақстан Облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
       

    Саятүлеков Бағаналы (1895-1986) – күйшілік дәстүріндегі орындаушылардың бірі. Бағаналы Саятүлеков 1895 жылы Көкжыра ауылында дүниеге келген. Жас кезінде дауысы зор әнші, әрі домбырашы болған. Бағаналы Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін алғаш орындаушылардың бірі. Ол 1937 жылы Бүкілқазақстандық өнер слетіне, Жамбылдың 95 жасқа толу тойына шақырылып, өнер көрсетеді. Күйшінің репертуарында халыққа белгісіз 40-қа тарта күй болған екен. «Қорамжан», «Ащы күй», «Көктөбет», «Шыңырау», «Беласар» сияқты күйлердің нұсқасын бүгінге жеткізген, домбырашылығымен қатар, «Қосішек», «Барина-сударина», «Шопан тойы», «Қосбасар» сияқты бірнеше күйлер шығарған.

       
    Сара Тоқтамысова - белгілі айтыскер - ақын .
       

    Республикалық Ж. Елебеков атындағы байқаудың лауреаты Шүкіманов Еркін Тұрсынғалиұлы 1991 – 2ОО4 жж. Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық институтын, Ж.Елебеков атындағы эстрада - цирк колледжін (Қ.Байбосыновтан), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын (Б.Тілеухановтан) тәмамдаған. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. 2010 жылы ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

     

     

    Парақтар өзгертілді: 18-11-2014